Біз өзгерістерді қалаймыз! Мы хотим перемен!

Баспасөз хабарламасы. 10.11.2019 елордада халықтың бастамасымен Референдумның Жалпы жиналысы өтті

Халықтық республикалық референдумның
Жалпы жиналысының қорытындысы туралы

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

«Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан азаматтары референдум туралы бастама көтере алады.

2019 жылғы 10 қарашада елордада халықтық референдумның жалпы жиналысы өтті. Жиналысқа әр өңірден кемінде 30 адам қатысуы қажет,  алайда жиналған халықтың қатары тиісті 510 адамнан көп болып, Жиналыс толық заңды кворумға қол жеткізді.

Халықтық рефрендумға бастамашылық танытқан ағымдағы жылдың 9 маусымында өткен сайлау кезінде белсенділік танытқан бақылаушылар мен әр өңірдегі жергілікті қоғам белсенділері болды. Жиналыстың төрағасы ретінде осы үлкен азаматтық бастаманың басы-қасында жүрген қоғам қайраткері, желтоқсан көтерілісінің қатысушысы Нұрлан Искалив бірауыздан сайланды.

Жиналыс төрағасы қазіргі кезде қоғамда қарқынды талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конситутуциялық заңына және «Саяси партиялар туралы» ҚР заңына бір мандаттық сайлау жүйесін енгізу және саяси партияларды мемлекеттік тіркеу кезінде оның мүшелік санын азайтуға қатысты елеулі өзгерістер енгізіп, аталған заңдарды жетілдіруге, сондай-ақ қоғамды демократияландыру мен ашықтық қағидаларына қатысты ұсыныстарды айтты.

Жиналыс барысында сөз сөйлеген қоғам қайраткері Зәуреш Батталова сайлау және партиялар туралы заңдарға өзгертулер енгізу бүгінгі күнгі қоғам талабы екенін айтты. Депутаттыққа сайлау жабық тізіммен емес, ашық тізіммен жариялы түрде өту қажеттігіне аса назар аударып, қазіргі кездегі сайлау және сайлану процедураларын түсіндіріп берді. Мысалға, белгілі адамдардың, қайраткерлердің атын пайдаланып, Парламентке депутаттарды ұсыну барысында олар басқа адамдарға ауыстырылмауы қажет, халық нақты кімге дауыс беріп жатқанын, кім депутаттыққа ұсынылып жатқанын білуі қажет.

Жиналыстың регламенті толық сақтала отырып, еліміздің 17 өңірінен келген қатысушылардың ішінен референдумның бастамашыл тобына 62 адам  адам көпшілік дауыспен сайланды.

Бастамашыл топтың мақсаты ең алдымен республикалық референдумның сұрағын дұрыс  қарастырып, өзара талқылап, бекітуге ұсыну.

Республикалық рефрендумның жалпы жиналысында сайланған бастамашыл топ, негізгі жиын аяқталған соң бастамашыл топтың жиналысын өткізіп, референдумға ұсынылатын сұрақтарды талқылады, бір мандаттық сайлау жүйесін енгізу бірауыздан қабылданып, партияларды мемлекеттік тіркеу кезінде оның мүшелік санын 40 мыңнан 1 мыңға дейін төмендету көпшілік дауыспен қабылданды. Бастамашыл топ жиналысының қорытындысы бойынша референдумға ұсынылған сұрақ келесі мазмұнда бекітілді:  «Мемлекетті басқару ісіне азаматтарды іс жүзінде тарту мақсатында:

  • «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына пропорциялық жүйемен тең мөлшерде бір мандаттық сайлау жүйесін енгізуге;
  • «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына  саяси партияларды мемлекеттік тіркеу кезінде оның  мүшелік санын 40 мыңнан 1 мыңға дейін азайтуға қатысты заңдарға түбегейлі өзгертулер енгізуге

КЕЛІСЕСІЗ БЕ?».

Ендігі кезекте халықтық референдум бастамасын ұйымдастырушылар осы бекітілген рефрендумның сұрағы мен бастамашыл топ құрамын толық сәйкестікке келтіріп, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына тіркеу үшін тапсырады, оң жауап алған жағдайда  рефрендумды қолдау үшін кемінде 200 000 қол жинау қажет болады.

Жиналыстың тәртібі мен регламентін бұзуға келтірілген кедергіге қарамастан, қазіргі қоғамда бұндай жиындардың, әсересе халықтық рефрендум бастамасының маңызы зор екенін саналы түрде сезінген және түсінген бақылаушылар мен белсенділер арандатушылардың әрекетіне ерместен, жиналыстың сәтімен жалғасуына және аяқталуына үлкен үлестерін қосты.

Әртүрлі өңірдегі қатысушылар үлкен кедергілер мен қиындықтарды өткере отырып, белгіленген уақытта жиналысқа жетті. Кейбір белсенділердің түрлі сылтаумен әкімдікке, полицияға шақыртылуы, қасақана ұстап қалынуы, пойыздан түсіріп алу, автокөліктерді бекеттерден өткізбеу әрекеттерінің салдарынан  мәжбүрлі түрде қатыса алмады, алайда олардың орнын басқа белсенділер толықтырды.

Референдум бастамасын көтерген ұйымдастырушылар қоғам өміріне  бей-жай қарамайтын  барлық Қазақстан  азаматтарынан  осы бастаманы қолдауға және осы игі бастаманы халыққа көбірек таратуға  шақырады.

 

Референдумның ұйымдастыру тобы

Баспасөз хабарламасы бойынша байланыс: +7 705 166 828

Источник фото: vlast.kz