«Билік халық талабын орындаудан бас тартты» баспасөз хабарламасы

2019 жылғы 28 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында республикалық референдум тағайындау жөнiндегi мәселе бойынша Бастамашыл топты құруға арналған жалпы жиналыс өткізу бойынша баспасөз мәслихаты болды.
2019 жылғы 10 қарашада «Республикалық референдум туралы» 1995 жылғы 2 қарашадағы №2592 Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет халық бастамасымен республикалық референдум тағайындау жөнiндегi мәселе бойынша Бастамашыл топты құруға арналған жалпы жиналыс өткізілді. Оған еліміздің барлық 17 өңірінен (14 облыс және республикалық маңызы бар 3 қала) Заңның 12-бабы бойынша әр өңірден кемінде 30 өкілден 510 адам қатысуы тиіс болса, жиналысқа 558 адам келіп тіркелді, яғни қажетті көпшілік болды.
Жиналыс Заңның 12-бабының талабына сәйкес елдің әр өңірінен кемінде 3 өкілден (51 адам) референдум өткізуге Бастамашыл топты құруы тиіс болса, қатысушылар 62 адам құрамында Бастамашыл топты сайлады. Бастамашыл топ Заңның 12-бабына сәйкес республикалық референдумға қойылатын сауалдарды тұжырымдады
Бастамашыл топтың өкілетті өкілдері ағымдағы жылдың 20 қарашасында Заңның 13-бабында көрсетілген құжаттардың толық топтамасын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына тіркеуге ұсынды.
Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы 22 қарашада «Референдумның бастамашыл тобын және референдумға ұсынылған мәселелерді тіркеуден бас тарту туралы» №52/291 қаулыны қабылдады. Аталған қаулыны талдау Орталық сайлау комиссиясы, өкінішке қарай, дәйексіз дәлелдер келтіріп, негізсіз ұйғарым жасағанын көрсетіп отыр.

Осыған орай баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар Республикалық референдумның Бастамашыл тобы Заңның 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жүгінетінін мәлімдеді.
Баспасөз мәслихаты барсында референдум өткізуге арналған жалпы жиынды ұйымдастыру штабының төрағасы Нұрлан Есқалиев Орталық сайлау комиссиясының екі күн ішінде асығыс шығарған қаулысымен таныстырып, ондағы негізсіз тұжырымдарға қатысты түсініктеме берді. Қазақстан Республикасының Президенті азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының шынайы кепілі ретінде осы туындаған жағдайға аса назар аударуы қажеттігін жеткізді. Елімізде партиялар арасында саяси бәсекелестіктің қажет екендігін айтты. Биылғы 2 қыркүйекте Президент Қ. Тоқаев халыққа Жолдауында азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керектігін, сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану, қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеу қажеттігін айтқанын, елімізде көппартиялылықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің алуандығын дамытуға ықпал ету міндетін қойғанын атап өтті және осы мақсат-жоспарлардың елімізде шын мәнінде орындалуын Президенттің жіті қадағалауды сұрады.
Қоғам қайраткері Зәуреш Батталова сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға халық ұсынып отырған өзгертулердің билік тарапынан не себептен қабылданбай отырғаны, бұған дейінгі халықтық бастамалардың неге қолдау таппай келе жатқаны жайында баяндады. Сайлауға тек партиялық тізіммен, соның ішінде жабық тізіммен депутатыққа сайлану үрдісінің нәтижесінде халық білмейтін азаматтардың Парламенттен орын алатыны жайына арнайы тоқталып өтті.
Тәуелсіз бақылаушылар өкілі Марат Дәрібеков халық белсенділеріне жасалып жатқан заңсыз әрекеттер туралы дабыл қағып Қазақстан Республикасының Президентіне, Бас прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына, ішкі істер министріне арнайы хаттар жолданғанын, өкінішке қарай, хатта айтылған жағдайлар ескерусіз қалғанын айтты. Биліктің қайнар көзі Халық көтерген заңды бастаманы Өкімет тарапынан осылай зорлықпен басып тастауға жанталаса ұмтылу әрекеттері елімізде заңдылықтың сақталуының шынайы жай-күйін көрсететінін және халықаралық қоғамдастық алдында елімізге, билікке абырой бермейтінін мәлімдеді.
Референдумға арналған жалпы жиналыстың хатшысы болып сайланған Ақмарал Әбдіқалықова референдум өткізуге дайындық барысында Алматы қаласы Ішкі істер басқармасына барып, азаматтардың, соның ішінде өзінің құқықтарының бұзылмауы және олардың қорғалуы жөнінде жазбаша өтініш жолдаған. Оған жауап беру мерзімі өтіп кетсе де әлі күнге дейін жауап болмаған. Ұйымдастырушы топтың белсенді мүшесі ретінде оған Қазақстанның барлық өңірінен хабарласып, жасалып жатқан кедергілер мен заңсыздықтар туралы баяндаған. Дүние жүзінде азаматтардың конституциялық негізгі құқықтары мен бостандықтарының орындалуын қадағалайтын Біріккен Ұлттар Ұйымында, елімізде талай жауапты ірі қызметтер атқарған Президент Қ. Тоқаев біздің мемлекетте азаматтардың конситуциялық құқықтары мен бостандықтары тапталып жатқаны туралы дабыл қаққанда және азаматтардың бұзылған құқықтарының қорғалуын талап етіп, хат жолданғанда өзі адал қызмет етуге ант берген Халқының талап-тілегіне мемлекет басшысы реттінде неге бей-жай қарап, назар аудармай отыр деген ашық сұрақ қойды.
Заңгер Ғазиза Әмірбекова референдум тағайындауға арналған жиналыстың өткізілуіне билік органдары барынша жаппай кедергілер жасап баққанын, яғни Қазақстан Республикасы азаматтарының Ата Заңда баяндалған құқықтары мен бостандықтары өрескел бұзылғанын атап көрсетті. Бұл заңсыздыққа заң тұрғысынан тиісті баға берілуі керектігін айтты.
Баспасөз мәслихатына Павлодар облысының Екібастұз қаласынан келген қоғам белсендісі Болатбай Жантілеуұлы өзіне және осы өңірдегі белсенділерге референумның жиналысына қатыстырмау үшін құқық қорғау органы – полиция тарапынан жүргізілген қарсы әрекеттер туралы айтты. Референдум жиналысына қатысуға келе жатқан делегаттар жалдап алған автокөлікті полиция қызметкерлерінің автокөлік жүргізушісінің жолға шықпас бұрын алдын ала медициналық-техникалық тексеруден өтіп барып, жолға шығауға рұқсат берілген жолдамасы бар екендігіне қарамастан, түрлі сылтаулармен жолда тоқтатып, кері қайтаруы жайында баяндады.
Қоғам белсендісі Ольга Жайлаубаева Қостанай қаласы ішкі істер басқармасының қызметкерлері қайта-қайта бес рет шақырту жібергенін, оның төртеуіне барып, қандай қылмыстық іс бойынша шақырылып отырғанын, жәбірленуші мен қылмескердің кім екенін, өзінің осы іске қандай қатысы бары туралы сұраққа бүгінгі күнге дейін мардымды жауап ала алмағанын айтып өтті. Қостанай қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ольга Жайлаубаеваны қалалық ішкі саясат бөліміне шақырып, референдум жиналысына бармауын талап еткен, ол заңсыз шара деп айтқан. Сонымен қатар О. Жайлаубаева сауда жасайтын қалалық базар басшылығы қоғамдық белсенділік танытуын доғаруды, ал талап орындалмаса оны табыс көзі – жұмыс орнынан айыруға, тіпті тұтас базарды жабуға тура келетінін ескерткен. О. Жайлаубаева базардағы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанын айтып, өзінің азаматтық, консититуциялық құқықтарының сақталуын талап етті.
Қызылорда облысының белсендісі Есет Жүгінісов өзіне және Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылында тұратын ата-анасына әкімдік, полиция тарапынан жасалған ескертулер мен заңсыз әрекеттер жайлы баяндады. Жергілікті құқық қорғау органының қызметкерлері Есеттің ата-анасына референдум өткізу заңсыз талап, балаңыз өкіметке қарсы шеру ұйымдастырып жатыр деп жалған жала жауып, ескерту жасаған. Е. Жүгінісов егер құқық қорғау органдары осы заңсыз әрекеттерін доғармайтын болса, сотқа жүгінетінін мәлімдеді.
Баспасөз мәслихаты барасында БАҚ өкілдері, қатысушылар жасалған кедергілер статистикасы бар ма және референдум өткізу бастамасы жалғаса ма деген сұрақтар қойды.
Бастамашыл топ өкілдері алдағы уақытта референдум өткізу бастамасын тағы көтеретінін айтты және халықты осы бастаманы бірауыздан қорықпай қолдауға, атсалысуға шақырды. Республикалық референдум –мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн бүкiлхалықтық дауыс беру арқылы шешу, мемлекетті басқару ісіне халықтың қатысуы, заңды әрекеті мен талабы екенін жалпы халықтың назарына жеткізді.
Республикалық референдумның бастамашыл тобы: тел.: 8705 166 82 82, эл.пошта: [email protected]

Баспасөз хабарламасы pdf форматында

Текелей эфир:

Gepostet von Yesset Zhuginis am Mittwoch, 27. November 2019