Біз өзгерістерді қалаймыз! Мы хотим перемен!

Мәлімдеме «ҚР Жоғарғы соты соңғы кассациялық тәртіптегі сот отырысында халықтық референдумға қатысты бастамашыл топ шағымын қанағаттандырусыз қалдырды»

Мемлекетті басқару ісіне халықты шын мәнінде тарту мақсатында еліміздегі сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгертулер енгізу үшін Қазақстанның әр өңіріндегі бақылаушылар қозғалысының өкілдері мен жалпы белсенді азаматтық қоғамның қатысуымен 10.11.2019 ж. Астана қаласында «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңының (бұдан әрі  – Конституциялық заң) 11-бабына сәйкес халық бастамасымен республикалық референдумның Жалпы жиналысы Конституциялық заңның 12-бабына сәйкес өткен.

Референдумның Жалпы жиналыcында жалпы дауыспен бастамашыл топ құрылып, бастамашыл топ өткізген жиналаста референдумға ұсынылатын сауал тұжырымдалып, 2019 жылдың 20 қарашасында Конституциялық заңның 13-бабы 2-тармағына сәйкес, яғни заңда көрсетілген 1) бастамашыл топты тiркеу және ол референдумға ұсынатын мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы өтiнiш; 2) бастамашыл топ құрылған жиналыстың хаттамасы; 3) бастамашыл топ мүшелерiнiң тiзiмi көрсетілген құжаттарды Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына тапсырған. Алайда 3 күн өтер-өтпестен аталған заңның 13-бабында көрсетілмеген кейбір құжаттар тапсырылмаған деген себеппен ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылдың 22 қарашасында «Референдумның бастамашыл тобын және референдумға ұсынылған мәселелерді тіркеуден бас тарту туралы» №52/291 қаулы қабылдаған.

2019 жылғы 3 желтоқсанда референдумның бастамашыл тобы Конситуциялық заңның   13-бабы 5-тармағына сәйкес ҚР Жоғарғы сотына шағымданған, алайда ҚР Жоғарғы соты бір күннен соң 04.12.2019 жылы ҚР АПК-нің 152-бабы 1-бөлігінің 3) тармақшасына сай талап арызда шағымданушылардың ЖСН көрсетілмеген, яғни шағымдағы аталған деректерді анықтау мүмкіндігі бола тұра, шағымдағы жіберілген кемшіліктерді жою мүмкін емес деген себеппен бастамашыл топқа кері хабарламастан шағымды қайтарған. Алайда ЖСН және барлық басқа деректері талап арызға қосымша ұсынылған құжаттарда толық көрсетілген. Арнайы тапсырысты хаттың жолданғаны жөнінде де дерек бермеген.

Халықтық референдумның бастамашыл топ мүшелері халықтың талабының орынды және заңды екенін талап ету үшін 23.12.2019 жылы ҚР Жоғарғы сотына кассациялық тәртіпте сотқа жүгініп, кассациялық талап арыз жолдаған.

ҚР Жоғарғы соты 2019 жылғы 26 желтоқсанда сот отырысына санаулы сағаттар қалғанда сот отырысының болатындығы туралы хабарлап,  кассациялық тәртіпте өткен соңғы  сот отырысында  бастамашыл топтың шағымын қанағаттандырмаған.

Мұны бастамашыл топтың Конституциялық заңның 13-б. 2-т. сәйкес құжаттарды толық тапсырғандықтан, басқа сылтау таба алмай талап арыздан мін іздеуі деп әбден түсінуге болады. Бұл қандай да бір азаматтың жеке шағымы емес, референдумға қатысты халық атынан берілген халықтық шағым болғандықтан, ҚР Жоғары соты халықтың талап-тілегіне салғырт қарап, оны қараусыз кері қайтарып, қанағаттандырусыз қалдырған. Бұл біліктің халықпен жұмыс жасауға, оның талабын қарастыруға деген құлықсыздығының тағы да айқын дәлелі болып отыр. ҚР Жоғарғы сотының қызметіне үлкен сын және мұны Жоғарғы сот абыройының ең төменгі деңгейінің көрсеткіші ретінде бағалауға болады.

Елімізде сот төрелегін тек сот қана жүзеге асыратынын, сот билігін басқа органдардың (биліктің) иеленуге, лауазымды тұлғалардың сот ісіне нұсқау беруге, бақылауға алуына, сот ісіне араласуына құқығы жоқ екенін, сондай-ақ төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынатынын ескеретін болсақ, Республикамыздағы ең жоғарғы сот әділдігін қамтамасыз ететін ҚР Жоғарғы соты тәуелсіз әрі әділ сот шешімін шығара алмайтынын айқын көрсетіп отыр. Тәуелсіз ел тек сыртқы тәуелсіздікке ие болып қоймай, ел азаматтары, бұқаралық ақпарат құралдары толық тәуелсіздікке ие болған жағдайда ғана елімізді толық тәуелсіз мемлекет деп атауымызға болады. Сондықтан Республикалық тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы ҚР Преезидентінен, ҚР Жоғарғы сотынан тәуелсіз және әділетті сот төрелігін қамтамасыз етуді талап етеді. Бастамашыл топ биліктің келтірген кедергілерімен, шектеулерімен шектеліп қалмай, алдағы уақытта елдегі өзгерісті, әділдікті қалайтын барлық күштерді біріктіріп, осы референдумның жалғасын үлкен дайындықпен  толықтырып өткізіп, жаңа реформалық өзгерістердің қабылдануы, еліміздің әлеуметтік-саяси әл-ауқатының артуы жолында тоқтаусыз әрекет ететінін мәлімдейді.

Құрметпен, Республикалық тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы, Тел: +7 705 166 8282

 

мәлімдемені жүктеу KassatsiaApeal201923